Созақтықтар шөлейт жерді игеріп, тыңнан түрең салуда. Бау-бақша өнімдерін жайқалтып отырған диқандар балауса жоңышқа өсіруді де қолға алды. Осы уақытқа дейін теріскейліктер мал азығын көрші облыстан алып келсе, ендігі өздері дайындайтын болды.
Бүгінгі таңда «Болыс ата» шаруақожалығында 21 гектар жер бар. Шаруа қожалық ашылғалы бері 7 гектарына мал азығын дайындайды. Қалған бөлігіне бау-бақша өнімдері өндіріледі.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі А.Мәуленнің материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Шәріпхан Ырсымбетов – «Болыс ата» шаруа қожалығының төрағасы: -Бір жыл көлеміндегі мен есептедім 60 млн теңгеге дейін басқа облыстарға шығып кетеді екен. Мен отырып ойландым, неге біз өзіміз екпейміз, неге өзіміз қамтамасыз етпейміз ауылымызды мал азығымен. Жер бар, мүмкіншілік бар. Енді шеттен келу тоқтады. 10 пайыз келіп жатыр. 90 пайыз ауылдың жігіттері шаруақожалықтары өзін-өзі қамтамасыз етіп жатыр.
Шаруақожалықта 7 гектар жерден 100 тоннаға жуық мал азығы дайындалады. Басқа қожалықтарға да өнім өндірудің қыр-сырын түсіндіруде. Сонымен қатар, шаруалар егін егу ісіне жастарды тартуда. Оларға техниканы меңгертіп, егу технологиясын үйретіп жатыр. Алдағы уақытта диқандар шеттен өнім алмаймыз, өзіміз өндіреміз деп жоспарлап отыр.