Шымкент қаласында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасты, деп жазады Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Бүгін Әл-Фараби ауданы әкім аппаратының ұйымдастыруымен «Фиркан» сауда – ойын-сауық орталығының «Funkytown» ойын алаңында мектеп жасындағы 200 бала жазғы демалыстарын қорытындылады.
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі, жартылай және тұл жетім, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды қолдау акциясына жомарт жандар демеушілік жасады. Үш ай жазда ойын қуып, бой сергіткен балақайлар енді аз күнде жаңа оқу жылы басталатынына дән риза. Себебі, олардың оқу құралдары түгел, жаңа сөмкелері дайын. Жаңа затты қолдануға әр бала асық.
Балақайлардың құрметіне «Балдәурен», «Лейв», Алтын ғасыр» тобындағы өнерпаз замандастары ән шырқап, би биледі. Сондай-ақ, балалардың қуанышына сайқымазақ та ортақтасты.
Көңілдері алып ұшқан балақайлардың шаттығын еселеуді мақсат тұтқан кәсепкерлер қатарында «Сұңқар» медклиникасы, «Отау строй», «Визит» ЖШС, «Физули» дәмханасы, «Фиркан», «Қазыбек», «Арман city» сауда орталықтары мен «Акбар» базары бар.
Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов «Біз кішкентай тұрғындарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғай отырып, балаларға қуаныш сыйлауды мақсат тұттық. Әр бала қоғаммен бірге бүгінгі күннің игіліктерін көруге құқылы. Осы бағытта әрбір азамат қайырымдылық қасиетімен оларға үлгі көрсетіп, жақсы тәрбие беруге үлес қосуы тиіс» деді.