Бүгін алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елу төртінші сессиясы өтті. Мәжіліске қала әкімі Ерлан Айтаханов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала депутаттары мен атқарушы орган басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сессияда халық қалаулылары күн тәртібіндегі бес мәселені қарады. Жиында алдымен Шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы Айтаханов Шымкент қаласы Қаратау ауданына жаңа әкімді тағайындауды ұсынды.Оған себеп, ауданның бұрынғы әкімі Исамидин Мұхитдинұлы Қантөреевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босату туралы өтініш білдірген. Президент әкімшілігінің басшылығы бұл өтінішке келісім беріп, Исамидин Мұхитдинұлының лауазымынан босатылған. Осыған байланысты ҚР Контитуциясының 87 бабына сәйкес Қаратау ауданының әкімінің лауазымына Абзал Шымкентбайұлы Әліқұловтың кандидатурасы ұсынылды.
Әліқұлов Абзал Шымкентбайұлы бұған дейін Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Өз кезегінде қала мәслихатының депутаттары ұсынылып отырған үміткердің тәжірибелі маман екенін ескере, осы лауазымға лайықты деп шешті. Дауыс беру кезінде халық қалаулылары бірауыздан Абзал Әліқұлов үшін қол көтеріп, Қаратау ауданы әкімі лауазымына тағайындалуын мақұлдады.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамының және әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы, әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы мен қала әкімдігінің дербес құрамының кадрлық ауыс-түйістер болуына байланысты қала мәслихатының шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Сессия күн тәртібіндегі мәселелер алдымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында және «Nur Otan» партиясының фракциясының мәжілісінде егжей-тегжейлі талқыланды. Сессияға депутат Данияр Үсенов төрағалық етті.