Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала әкімдігінің активімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Шымкент қаласының Абай және Еңбекші аудандары әкімдіктерінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімдерінің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыныс қаралды.
Аталған лауазымды тұлғалар көше саудасын жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын беру сылтауымен жергілікті кәсіпкерлерден заңсыз сыйақы алған.
Іс-шарада олардың тікелей басшыларын, тіпті жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау ұсынылды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықтың жағдайы баяндалды.
Сонымен қатар, парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды енгізуге баса назар аударылды.
Отырыс қорытындысымен әкімдіктер бөлімдерінде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсынылды.