Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Осыдан 24 жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Осыған сай Жаңа Қазақстанның негізгі Заңының мәтіні бекітілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің Ата заңының сенімді кепілі бола тұра, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің, құқықтық мемлекет құрудың бағытын берік ұстанды.

Елбасының салып берген сара жолы мен кемеңгер саясатының арқасында Қазақстанда ұлттар достығы, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық салтанат құрып отыр. Тарихқа терең үңілсек, қазақ даласында ертеден-ақ «Дала Парламенті» құрылып, заң шығарушы орган ретінде қызмет атқарған. Оған дәлел қазақтың үш төбесі. Күнде жиын тарқамаған, келелі кеңес өткен – Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе. Көшпелі қазақ қоғамының тұтастығына ант беріп, ауыз біріктірген, мемлекеттің күрделі мәселесіне шешім тауып, қазақ тарихындағы ұлы жиындар өткен мекендер. Бүгінде Шымкент аумағына қарайтын Мәртөбе ауылының іргесіндегі жота кезінде қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселеге шешім тапқан мекен болды. XVIII ғасырдың II жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған.

Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Еліміздің өркенді әрі серпінді дамуына шымкенттіктер де лайықты үлестерін қосуда. Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған қаламыз күннен күнге көркейе түсуде. Келесі 2020 жылы ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы атанғалы отырған Шымкенттің шырайы бұдан да көркем болмақ. Экономикамыз дамып, халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Осының барлығы Конституциямыздың негізінде болып жатқан арналы жетістіктер.

Құрметті шаһар тұрғындары!

Ата заң – Мемлекетіміздің алтын қазығы, басты құндылығы. Оны қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Ендеше Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсуге әрбіріміз атсалысып, мемлекеттігімізді мығым ете берейік!

Мереке құтты болсын!

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов

Пікір жазу