Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым — Айбыным» атты мерекелік шарада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген мерекелік шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының камералық оркестрі өз өнерін паш етті.
Айта кетейік, мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Конституциямыздың қабылданғанына биыл 24 жыл толып отыр. Осы орайда, Шымкент қаласындағы барлық аудандарда, орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінде, мәдениет мекемелерінде және тб., түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіліп, Конституция күні аталып өтуде.