Күні кеше «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ » атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. ҚР Президенті аталған Жолдауында көптеген мәселелерді қамтып, әлеуметтік салада ең алдымен білім беру сапасын жақсарту керек екендігін атап өтті.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнгедейін әзірленбегенін, сонымен қатар мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғанын, жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатынына тоқталды. Оны шешу жолдарының бірі ретінде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет деді. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс екенін айтты. Әр тармағы халықтың әл ауқаты мен еліміздің экономикасын жақсартуға бағытталған аталған Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап бара жатқанын да тілге тиек етті.
Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы екенін айтқан соң, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды
20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Өз кезегінде дарынды ауыл жастары да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы оларды іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек деп, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл Жастар жылындағы ауыл жастарын қолдаудың бірі деп білемін.
Қуаныш Мәден, жас ғалым, Робототехника бойынша түрлі сайыстың бірнеше дүркін жеңімпазы.