Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің барлық факультеттердің І курс студенттеріне арналған жаңа оқу жылының мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға қала әкімі Е.Айтаханов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Е.Жұмағали, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов, генерал-майор, Университет түлегі М.Раманкулов, Университет ректоры Д.Қожамжарова қатысып, студенттерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, биыл университетке 95 мамандық бойынша 10000 студент қабылданды. Олардың 2184-і мемлекеттік грант иегерлері, сонымен қатар көпбалалы, әлеуметтік-атаулы көмек алатын отбасылардың балаларына арналған қосымша 6 мың гранттың 245-і аталған университеттің студенттері атанып отыр. Магистратура білім бағдарламасы бойынша 298 студент қабылданды. Оның 220-ы грант иегерлері болып табылады. Ал, колледжде 240 студент білім алмақ.
Бүгінгі таңда университетте 104 ғылым докторы, 474 ғылым кандидаты, 601 магистр тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызын адал орындап, шәкірттерге өз дәрістерін беріп келеді.