– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жарияланады дегеннен халық елеңдеп, жақсы жаңалықтар күткені рас. Жолдауды тыңдап отырып, бұқара халыққа үміт беріп, сеніммен алға жетелейтін көптеген бағыттарға басымдылық берілгенін байқадық. Соның ішінде ұлттың мәселесіне айналған қазақ тілінің мәртебесін көтеру рухани серпіліс берді.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», — деді Мемлекет басшысы. Қанша жылдардан бері ұлтымыз, қазақ зиялылары көтеріп жүрген мәселеге нүкте қойылуы бір сеңнің қозғалғанын аңғартады.
Президентіміздің үлкен мінберде тұрып: «Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын» деген сөзі халықты оған біртабан жақындатты. Соңғы уақытта ұлтты – тәрбиелейтін ұстаздың мәртебесінің төмендеп кеткені ащы да болса шындық еді. Енді педагогтар туралы заң қабылданып, олардың статусын нақтылап алуға бетбұрыс жасалып жатыр. Оның бір айғағын Президент Жолауында атап өтіп, 2020 жылы жалақылары 25%-ға өсетіні мәлімдеді. Бюджеттік салада еңбек ететін бұдан өзге азаматтық қорғаныс, мәдениет қызметкерлерінің де еңбегі бағалауда алдағы жылдарға тиісті қаражат бөліп, нақты тапсырмалар беруінің өзі еңбек адамдарына серпіліс берді деп ойлаймын.
Сонымен бірге, Жолдауда Президент «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс. Экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу, деді. Қазақстандық әрбір тұрғынның әлеуметтік жағдайының жақсы болуы маңызды десек, 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болатыны, ауылды гүлдендіруге 90 млрд теңге қарастырып, талантты балаларға қолдау жасайды деген жаңалықтың өзі қуантты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел алдындағы алғашқы Жолдауында еліміздің дамуы мен халықтың игілігі үшін маңызды әрі қажетті деген салаларды дамытудың тетіктерін қолға алып отыр.
Уәли ҚЫДЫР,
Қазақстанның Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «OŃTÚSTIK» телеарнасының директоры