Жасөспiрiмнiң мәдени рухани қажеттiлiктерiн өтейтiн аула клубтарының орны ерекше. Осы мақсатта құрылған балалар көркемсурет мектебіне қарасты «Шұғыла», «Арт Шайн» аула клубтарының жұмысы жемiстi нәтижесiн беруде. Мұнда жұмысты тек қана үйiрмелердiң аясында шектемей, түрлi пiкiрталастар мен мәдени-шығармашылық жұмыстарын жүргiзiп, экскурсиялар мен саяхаттар жасап, жарыстар мен сайыстар ұйымдастырып, аула клубының өмiрiн түрлендіріп отырады.
Әрбір күн өзгеріске толы. Қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай болу, ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақты саналы, білімді азамат етіп тәрбиелеу, ұстаздарға зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Білімді үйрену және оны оқушыларға үйрету, ұстаздықты мұрат еткен әрбір адамның ең қасиетті борышы, абзал парызы. Ұстаз еңбегі шығармашылық еңбек. Сондықтан да аула клубымыздағы ұстаздар әр сабаққа жауапкершілікпен қарайды. Үнемі ізденіп, балаларды өнерге баули отырып, білімдерін де шыңдау үшін қызықты сабақтар мен тәрбие сағаттарын өтіп тұрады. Атап айтсақ, «Жас эколог» үйірмесінің жетекшісі Ильясова Айнаш «Айналаны таза ұстайық!» тақырыбында өткен экологиялық акция балалардың қызығушылығын оятып, жылда өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.
Аула клубтардың жыл бойғы жұмыстары бойынша «Өнерге қанат қаққандар» атты есеп беру іс-шарасын өткізіп, балалардың үйірмелердегі жыл бойғы үйренген өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Есеп беру шарасы Рухани жаңғыру аясында «Жарқын біздің болашақ» тақырыбындағы жасалған балалардың шығармашылық көрмесімен басталды. Көрмеге бейнелеу өнері, компьютерлік графика, «Шебер қолдар», ағаш ою өнері, мүсін, сәндік қолданбалы өнер, «Жас эколог» үйірмелерінің қолдан жасалған жұмыстары қойылды. Солардың ішінде үйірме жетекшілері Несіпбаев Әсембек, Ағманова Жансая, Исмаилова Динараның жұмыстары жаңашылдығымен ерекшеленіп, жоғарғы бағаға ие болды. Ал шараның екінші бөлімінде «Өнерге қанат қаққандар» тақырыбында аула клубтарының өнерпаздарының концерттік нөмірі қойылды. Шара соңында Халықаралық, республикалық байқаулардан орын алып жүрген жүлдегерлер, аула клуб өміріне белсене қатысып жүрген балалар марапатталды.
Айта кету керек, «Шұғыла» және «Арт Шайн» аула клубтарының тәбиеленушілері және ұстаздары үшін биылғы оқу жылы сәтті өтті десек те болады. «Жас әнші» үйірмесінің тәрбиеленушісі Сатан Арайлым ЮНЕСКО Шығармашылық академиясына қабылданып, финалға шықты. Сонымен қатар Лютцер Светлананың және Рысбаева Аманкүлдің жетекшілігіндегі «Қуаныш», «Айнәзік» би топтары да халықаралық, республикалық байқаулардың, жарыстардың жеңімпаздары атанып, ата-аналарымыздың және аула клубтарымыздың қуанышына айналып отыр.
Балалардың демалыс уақыттарында да жыл бойы үздіксіз жұмыс жасайтын бірден бір мекемелердің бірі – осындай аула клубтары болып табылады. Сондықтан да мектеп басшысы Оразова Тояш Балтақарақызы ата-аналардың өтінішіне құлақ аса отырып, балалалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп базасында ақысыз «Шұғыла» жазғы сауықтыру лагерін былтырдан бері ұйымдастырып отыр. Мұнда әртүрлі іс-шаралар өткізу арқылы балалардың жадында жаз ерекше жаңғырып тұрсын деген мақсатпен жұмыс жасалынады. Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, қызықты бағдарламалар жоспарлап, бос уақыттарында сана-сезімдерін дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету секілді пайдалы іс-шаралар қолға алынды.
Мұндағы педагогтардың үнемі ізденіп, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда атқарып жатқан еңбектері орасан. Сондықтан аула клубқа келген әрбір бала жаңа қырынан танылып, ашыла түседі.