Баспанаға қол жеткізсем деп армандап жүрген шымкенттіктер үшін тағы бір қуанышты жаңалық бар. Таяуда Шымкентте «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.
«Бақытты отбасы» бұған дейінгі бағдарламалардан өзгерек.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі жазады.
Несие шарты да тиімді, жылдық мөлшері – 2 пайыз. Оған көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Бір ғана талап бар.
Ол – табыс көлемі отбасы мүшелеріне шаққанда адам басына 42 мың 500 теңгеден асып кетпеуі керек. Несие сомасының 10 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна болған жағдайда жылына 2% мөлшерлемемен несие беріледі. Мерзімі – 20 жылға дейін. Банк өкілдері мұндай мүмкіндіктің бұрын-соңды болмағанын айтады.
Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша салымшыларының саны 84 мыңнан асады. Олардың салған қаржысы 43 млрд теңгені құрайды. Бастысы – салымшылар есепшотына ай сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып тұруы тиіс.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент қалалық өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл талап аз қамтылған отбасылардың қатысуы үшін арнайы қойылған. Бұл ереже болмағанда аталған бағдарламаға қалталы отбасылар қатысатын еді.