«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға бір ғана талап бар. Ол – табыс көлемі отбасы мүшелеріне шаққанда адам басына 42 мың 500 теңгеден асып кетпеуі керек. 42 мың 500 теңгеге тоқталсақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтініштерді қабылдап, кейін қажет болса бұл соманы ұлғайтуы не кемітуі мүмкін.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі жазады.
Айта кетерлігі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент қаласы бойынша филиалына қарасты жаңа форматта кеңес беретін 4-орталық іске қосылды.
«Теріскей» («Север») сауда орталығындағы кеңседе банк ұсынған барлық қызмет көрсетіледі. Мұнда банктегі ұзын-сонар кезекті қысқартып, сапалы қызмет алуға жағдай жасалған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушы азаматтар өзінің әлеуметтік санатын айқындайтын арнайы тұрғын үй сертификатын алуы қажет.
Банк сол кезде баспана береді. Яғни, Шымкент қаласында баспана кезегінде тұрсаңыз және қолыңызда әкімдіктің тұрғын үй басқармасының жолдамасы болса (Тұрғын үй басқармасының мекенжайы: Шымкент қ. Республика даңғылы, №12 ғимарат), онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлімшелерінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша сіздің несиелік өтініміңізді қабылдайды.
Бұл бағдарламаның көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ сомасы – Шымкент қаласында 15 миллион теңге. Өтінім беруші жылжымайтын мүлікті баспана кезегінде тұрған аймақта ғана сатып ала алады.