Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бөлімі меңгерушісі Раушан Оспанованың айтуынша, ми қайнатар ыстықтың салдарынан шымкенттік дәрігерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Сондай-ақ, қатты ыстықтан жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар көбейіп, жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер саны артқан.
– Соңғы үш тәулікте 5365 қоңырау келіп түсті. Шақырудың 18,9 пайызы жүрек-қан тамырлары дертіне байланысты. Ал басым бөлігі тыныс жолында ақауы бар, жедел респираторлы вирустық инфекциясы мен қан қысымы көтерілгендер. Биыл 6 айда келіп түскен қоңыраулар өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 15 мыңға артқан, — дейді маман.
Сондай-ақ, күн ыстықта қан қысымы көтеріліп, кардиологтың қабылдауына келетіндердің қатары да көбейген. Ақ халаттылар жоғары қан қысымы бар азаматтарға аптап ыстықта тынығуға кеңес берсе, жүрек-қан тамырларының ауруы мазалаған науқастарға арнайы диета ұстау қажеттігін айтады. Дәрігерлер, сонымен қатар, желдеткіш пен салқындатқыштан мейілінше аулақ болып, мұздай сусындарды шамадан тыс қолданудан бас тартуға шақырады.
Мамандардың ескертпесін жадына түйіп, қауіпсіздік мәселесін қаперінде ұстаған пайдалы.