Үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтары Түркі кеңесінің 10 жылдығына орай ұсынылған ТҮРКСОЙ жастар камералық оркестрінің концертін тамалашады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған концертте түркі халықтарының белгілі композиторларының шығармалары орындалды.
Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда өткен кеште отандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетті. Оның ішінде Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Анвар Акбаров, Әзірбайжан елінен келген халықаралық байқаулардың лауреаты Мұстафа Мехмендаров оркестрге дирижерлік жасады.
Бүгінге дейін құрамында 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен оркестр бұл жолы танымал композиторлардың шығармаларын ғана емес, жастардың да туындыларын көпшілікке ұсынды. Атап айтсақ, оркестр құрамындағы өнерпаз Біржан Мыңбаевтың «Илигай» тақырыбындағы орындауы көптің көңілінен шығып, қошеметке ие болды. Жастардың өнері тыңдармандарды ерекше тебірентті.
Кеш соңында жас өнерпаздарға қала әкімі Ерлан Айтахановтың ықылас гүлі табысталды. Өз кезегінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Алматыдағы өкілі Асқар Тұрғанбаев Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлына аталған ұйымның Алғыс хатын табыс етті.