Жуырда ғана қайа жөндеуден өткен Шымкент зоологиялық паркі бүгінде қала тұрғындары ғана емес, шырайлы қаланың кішкентай қонақтары жиі келетін демалыс орнына айналған. Зоологиялық парк іші тап-тұйнақтай, аумағы да кең, нағыз отбасылық серуенге таптырмайтын орынға айналған.
Мұнда келушілер тек паркті аралап қана қоймай, түрлі шараларды тамашалауларына да болады.
Бүгін «Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағында» «Гүлсар» клубының ұйымдастыруымен «Пискун күні» көрмесінде көгершіндердің сатылымы өтті.
Таңғы сағат 9:00-де басталған көгершін өсірушілердің іс-шарасы 13:00-ге дейін жалғасты. Аталған шараға көрші Өзбекстан, Қызғыстаннан құсшылар келді. 300-ден аса қатысушы өздерінің көгершіндерін мақтанышпен алып келді. Жергілікті көгершін өсірушілер де жиналды. Зообаққа келген қонақтар кептердің түр-түрін көрді және көгершіннің жайын бір кісідей білетін құсбегілер келушілерге ең алдымен, сұлу құстың сыртқы тұрқына, оның әр қайсының өзіндік ерекшеліктері болатынын айтып берді. Жиналғандар мұндай іс-шара өскелең құс сүйгіш жастарға танымдық пайдасы мол екенін жеткізді. Көрме соңында қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.