1 қыркүйек – Білім күніне орай ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру және білімді ұрпақ» атты Ашық есік күні бүгін де өз жалғасын табуда.
Іс-шараға қаладағы № 63 негізгі орта мектебінің 2, 4 сынып оқушылары қатысты. Келушілер үшін кітапхана бойынша экскурсиялар, кітапхананың қызмет көрсету бөлімдерінің жұмысымен таныстырылымдар және оқырмандар үшін безендірілген кітап пен сурет көрмелеріне шолу ұйымдастырылды. Ақпараттық-библиографиялық бөлімде балаларға арналған «Көк тудың желбірегені» танымдық сағаты, мерзімді басылымдар залында «Үлкен жаңалықтар жолында» атты көрме бойынша ойын-саяхат ұйымдастырылды. Абонементтегі «Отбасылық оқу» бұрышы аясында «Ақыл қалта» атты ойын-саяхат ойнатылды. Балалар ойын барысында өздерінің кең білімдерін көрсетті. Әлемнің қандай ұлы ғалымдары бүкіл адамзат үшін қажетті жаңалықтар ашқанын: мысалы, байланыстың ең кең тараған түрі – телефонды, сондай-ақ, компьютер мен компьютерлік технологияларды, тұрмыстық машиналар мен құралдарды кім ойлап тапқаны туралы әңгімелеп берді. Осындай кездесулер барысында кітапханашылар мектеп оқытушыларына үлкен көмек көрсетіп, балалардың танымдық және шығармашылық белсенділіктерін көтеріп, оларды әдебиет оқуға тартады және ой-өрістерін кеңейтуге үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.