Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Қала оқушыларына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады
dav

Қала оқушыларына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады

Биылғы жаңа оқу жылында Шымкентте 70 мектеп пен 12 жоғары және орта арнаулы оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» оқытыла бастайды «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігі қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 50 мыңға жуық студентті «Кәсіпкерлік негіздеріне» оқытуды жоспарлап отыр. Бұл студенттерге республика бойынша арнайы біліктілік курстарынан өткен 821 оқытушы дәріс береді.

Осы мақсатта Шымкент қаласында аталмыш пән бойынша оқытатын мұғалімдер мен оқытушыларға әдістемелік бағыт-бағдар беруге арналған 10 күндік оқыту курсы да басталды. 19-29 тамыз күндері Шымкент қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 149 мұғалімі біліктілігін жетілдіреді. Оқытушылар маркетингтік зерттеу жүргізу, талдау жасау, бизнес-модель, жоспарлау, кәсіпкерлік мәдениет және т.б. тақырыптар бойынша білім алады.

– Мектеп оқушылары мен студенттерді «Кәсіпкерлік негіздеріне» оқыту арқылы жастардың жоспарлау, талдау жасау, шешім қабылдау қасиеттерін дамытуды, болашақта жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар қатарын арттыруды көздейді. Қазіргі өтіп жатқан курс 10 күнге жоспарланған. Алайда біздің бизнес-тренерлер 3 ай көлемінде мұғалімдер мен оқытушылардың оқу бағдарламасына, өткізу әдісіне сүйемелдеу жүргізеді. Осылайша «Атамекен» ұстаздарға да әдістемелік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ақниет Әбдіқадірова.

Жалпы, оқу бағдарламасына кірген Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 2018 жылы пилоттық негізде Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы № 25 мектеп-гимназиясында қолға алынған болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе, «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бастамасы ретінде республиканың барлық мектептеріне оқыту жөнінде шешім қабылданды. Енді аталмыш пән жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 3-4 курс студенттерінің оқу бағдарламаларына да енгізілмек.

 

Пікір жазу