Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Е. Жұмаханбетов Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау ауданы Полиция басқармаларының жеке құрамымен кездесті.
Кездесу барысында Департамент бастығы полиция қызметкерлерін Мемлекет басшысының Жолдауындағы барлық тармақтармен таныстырды.
Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Е.Жұмаханбетов айтып өткендей, Жолдауда халықпен тиімді кері байланыс және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жеке блоктар бөлінген. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін алға тартты. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және олар бойынша жедел шаралар қабылдау. Ол үшін біз екі ауданда азаматтардың ыңғайлылығы үшін фронт-офистер аштық, жақын арада барлық аудандық бөлімшелерде фронт-офистер жұмыс істейтін болады. Ай сайын «Жолдағы қабылдау» акциясын өткіземіз, мұның барлығы халықтың игілігі үшін жасалуда. Өткен жылдан бастап менің бастамам бойынша Жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция полкі және ювеналды полиция инспекторлары күн сайын қаланың 147 мектебінің жанында, жол қиылыстарында және жаяу жүргіншілер өткелдерінде үш ауысымдық кезекшілік өткізеді. Әрбір тұрғын қызметкерге жүгінгенде түсіністікті, адамгершілікті сезінуіне ұмтылу керек. Сондай-ақ, жедел түрде есірткінің таралуын, адам саудасының, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және жеке адамға, әсіресе балаларға қарсы басқа да ауыр қылмыстардың алдын алу жөніндегі жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.
Кездесу соңында Департамент бастығы Е. Жұмаханбетов 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енетінін және бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін кез келген әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қарастырылатынын атап өтті. Осыған орай ол арнайы ақпараттық брошюраларды дайындауды тапсырды. Сондай-ақ, ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтінін, біз оны жою үшін күресуге тиіс екендігімізді ерекше атап өтті.