Шымкент қаласында сапалы электр энергиясымен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда «Электромонтаж» АҚ Құрсай шағынауданындағы 1 816 тұтынушыға сапалы электр жарығын жеткізіп берді.
Ал «Қуат Құрылыс» ЖШС қала аумағына енген Тоғыс тұрғын алабының Шаттық, Тәуелсіздік, Жаңақұрылыс көшелеріндегі 990 тұтынушыға сапалы электр желісін тарту жұмыстарын аяқтады.
Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, электр желісін тарту жұмыстары қала аумағындағы 11 елдімекен мен шағынауданда жалғасуда.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөзов Бозарық шағынауданында салынған жаңа қосалқы станция зор мүмкіндіктерге жол ашқанын айтады.
– 2013-2014 жылдарға дейін Шымкентте сапалы электр жарығымен қамту күрмеуі қиын мәселе болды. Қала тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету үшін «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы басталды.
Бүгінде қала халқы 1 миллион болса, «Бозарық» қосалқы станциясы 2 миллионға дейінгі тұтынушыны сапалы электр жарығымен қамтамасыз етуге қуаты жетеді. Міне, сондықтан қазіргі уақытта шағынаудандарда жарықтандыру жұмыстары қарқын алды, – деді Н.Жаманкөзов.
Бадам шағынауданына қарасты 195-орамда 828 тұтынушыға сапалы электр желісін мердігер «Омега Строй» ЖШС тартып жатса, 4896 тұтынушысы бар Самал-3 шағынауданын «Электромонтаж» АҚ жарықтандырады. Жарықтандыру жұмысы бойынша Асар-2, Тассай тұрғын алаптарында құрылыс жұмыстары басталды.
Ал Достық пен Ақжар елдімекеніне сапалы жарықты тарту жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Қарабастау, Бадам-1 және 2014 жылы қала аумағына енген Қаратөбе (Базарқақпа), Жыланбұзған, Шапырашты, Өтеміс тұрғын алаптарында 10/0,4 кВ электр желілерін жүргізу үшін бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
А.Молдиярқызы