Әр қазақтың үйінің төрінде тұруы тиіс тағы қос кітап жарық көрді Шымкентте. Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды, ұлттық ойындарды, рухани мұраларымызды насихаттап, қайта жаңғырту, қазіргі жаһандану уақытында тарих қойнауында жатқан асыл қазынамызды ұлт игілігіне жарату мақсатында ұсынылып отырған еңбектің құндылығы да осында.
Кітаптың тұсаукесер кешіне Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков,Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының м.у.а.Әбдіжаппар Сәкен, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғашқы сөзді алған Күлия Смайылханқызы аталған кітаптардың маңыздылығына ерекше тоқталып: «Ұзатылып бара жатқан әр қыздың жасауына, сандығының түбіне салатын кітап» деген баға берді. Баспадан жарық көрген қос кітапты қалың оқырман алдағы уақытта кітапханалардан оқи алады.
Қазіргі қоғамның рухани қажеттілігіне азық болатын «Дәстүрім – асыл қазынам» кітабында қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәні, халық өнегесі кеңінен насихатталған. Әр оқырман салт-дәстүрлеріміздің түрлері, атаулары мен оның орындалу тәртібін, ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығы жөнінде кеңінен мағлұмат алады.
Сол маңызды мағлұматты біз де газетіміздің бетінде там-тұмдап беріп отырсақ деген ойымыз бар. Себебі бұл кітаптағы біраз дүниені көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Ендеше салт-дәстүрдің қайнарынан қанып ішуге шақырамыз.
М.Кенжебай