Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Кітаптан үзінді: Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер Тоғыз ай, тоғыз күн

Кітаптан үзінді: Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер Тоғыз ай, тоғыз күн

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұсауы кесілген «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптарынан үзінді.

Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер
Тоғыз ай, тоғыз күн

Бір айда отыз күн бар. Оның алғашқы үш күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн, өлі күн» деп атайды да, бұл күндері екі жастың ақ төсекте кездесулеріне тыйым салынады. Бұл халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Халықтық түсінік бойынша үшінші тоғыздың әр тақ күні неке төсегінде тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері – қыз туады.

Алғысты ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтереді. Босануға үш ай қалғанда «Ұзын толғағы басталады» деп келіннің аман-есен босануына дайындық жүргізеді. Толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмауы үшін күнде кешқұрым келіннің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, құйрық маймен сылап-сипайды.

Тәжірибелі аналар «Орта толғақта іштегі бала шығуға дайындала бастайды» деп есептейді. Ана құрсағына қарап оның ұл не қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ, үшкір болып келеді; ал қыз бала домалақ, дөңес бітеді.

Ай толғақ мерзімі болғанда іштегі бала жиі қимылдап, анасының екі бүйіріне салмақ түсіреді. Толғақ қысқанда әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауыруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл «Тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ», желкесі ауырса, «желке толғақ», т.с.с. ұшырасады.

 

Пікір жазу