Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Кітаптан үзінді: Жарысқазан

Кітаптан үзінді: Жарысқазан

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұсауы кесілген «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптарынан үзінді.

Жарысқазан

Кей өңірде «Қазанжарыс» деп те айтыла береді. Қалай айтылса да оның мағынасы мен ұғымы бір. «Жарысқазан» – айы-күні толған келіншек толғатқан сәтте жасалатын қызықты, қуанышқа арналған ырым. Мұндайда ауылдың апалары мен босанатын келіншектің абысын-ажындары тез жиналып, «жарысқазан» жасайды.

Яғни, сақталған сүрді, дәмді тағамдарды қазанға салып, оны босанатын келіншектен бұрын пісірмек болып, әйелдер «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын босана ма» деп қарбалас қимылға кірісетін болған. Қазанның буы, дәмінің иісі толғатқан әйелдің тезірек босануына әсер ететін тылсым күш саналған.

Енді бір әйелдер үй сыртында келсаппен жерді түйіп «түс, түс» десе, енді бірі «түсті ме», «түсті ме» деп дауыс берген. Бұл да бала тез тусын деген кәдімгі қазақтың өзіне жарасатын жақсы ырымдарының бірі.

Сәби келді

Бала іңгәлап жерге түсісімен сырттағы екі көзі төрт болып отырған әкеге, қалған еркектерге желаяқ әйелдің бірі барып қыз болса – «кестеші», ұл болса – «жылқышы» деп хабарлайды, сүйінші алады.
Жарық дүниеге келген сәбиді емізбестен бұрын қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сырттанның жүнімен ауыздандырады.

Жаңа туған нәрестені бірінші рет сабындап шомылдырады. Шомылдырар алдында тілін жұтып қоймау үшін баланың тілін тартады.

 

М.Кенжебай

Пікір жазу