Ағымдағы жылы Шымкент қаласында 131 жұмыс беруші орында заң бұзушылық дерегі анықталған. Еңбек заңнамасын бұзғандар заң аясында 5,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлемдерін жүргізген. Одан бөлек 110 жұмыскердің жалақы қарыздары өндірілді. Бұл туралы бүгін еңбек инспекциясы және көші қон басқармасының мамандары баспасөз мәжілісінде жария етті.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Н.Мұхамеджанұлының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Статистика департаментінің мәліметінше қалада жалпы 20 мың 748 кәсіп орын бар. Еңбек инспекциясы осы жұмыс беруші орындар арасында еңбек заңнамасының сақталуын жіті бақылауда ұстап отыр. Екі жақты тәртіп пен жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша біршама тындырымды тірлік көп. Жалақы қарыздары, еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлердің айлық көрсеткішін өсіру мемлекеттік бақылауға алынған.
2019 жылдың 6 айында 23 жазатайым оқиға тіркелген. 24 азамат зардап шегіп, 3-еуі қайтыс болды. Тексеру материалдарына процесуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған. Жұмыс беруші орындар барлық қажетті жағдайларды орындап, заң аясында өтемақы жүргізген. Ал, еңбек шартының заңсыз бұзылу жағдайы бойынша 3 жұмыскер қайта өз лауазымына орналастырылды.
Бүгінде жеке еңбек шартын түзу — заң және заман талабы болып отыр. Тиісті құжаттың рәсімделмеуінен еңбек қатынастарындағы заңбұзушылықтарға тұсау салу қиынның қиыны. Еңбек дауы орын алмас үшін сала мамандары үгіт насихат жұмыстарына басымдық беріп отыр.