Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов діни конфессиялардың басшыларын қабылдады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Мәжіліс барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы, «Ақмешіт» орталық мешітінің бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев 18 қазан — Рухани келісім күні деп атаудың өзі дін өкілдеріне деген үлкен құрмет екенін айтып, мемлекетіміздің салиқалы саясатын жүргізуге, тұрақты діни ахуал, мамыражай қоғам қалыптастыруға өзге дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.
Сонымен қатар жиында «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» жергілікті діни бірлестігінің діни қызметшісі Александр Могилевский де өз ойын жеткізді. «Дін де, дәстүр де қоғамда тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің бір бағыты – діни ахуалды зерделеу және талдау екені белгілі. Сондықтан біз осы қалыптасқан ахуалды шешудің дұрыс тетіктерін қамтамасыз ету басты назарымызда», — деді А.Могилевский.
Ал «Шымкент қаласының еврей қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Зелик Мурдухаев мұндай мереке тек тұрақты дамыған Қазақстан сияқты мемлекетте ғана тойланатынын тілге тиек етті.