Балаларды қорғау мақсатында қала аумағындағы балалар үйлерін отбасы үлгісіндегі үйлерге транформациялау мәселесі қолға алынады. Бұл туралы Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев салада атқарылған жұмыстар жөнінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Жаппардың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ж.Төлембекұлының айтуынша, Австрия елінің тәжірибесі негізінде қолға алынған жоба келер жылы басталмақ. Бүгінде осы мақсатта құжаттар әзірленуде.
– Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы бойынша қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің жол картасы әзірленді. Сонымен бірге, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша қала аумағында бүгінге дейін белең алған өзекті мәселелер бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып, негізгі себептер анықталды. Оның ішінде ажырасу, отбасылық зорлық-зомбылық мәселелері өзекті болып отыр, — деді спикер.
Басқарма миллионды қалада ажырасу көрсеткіштерін қысқарту жөнінде индикатор енгізді. Соның нәтижесінде қала бойынша жалпы неке саны 2018 жылы — 6825, 2019 жылдың қыркүйек айы бойынша — 4392. Ал ажырасу деңгей 2018 жылы — 2 617, 2019 жылдың қыркүйек айы бойынша – 1689 екені анықталды.
Сонымен бірге, басқарма тарапынан қиын жағдайға ұшыраған, қолайсыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларымен әңгімелесу, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттердің алдын алу бойынша талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында 4 ауданда арнайы аутрич бөлімі ашылып, жұмысын бастады.
Фото: Б.Сейітжаппар