Шымкенттік полицейлер «Коммуникативтік менеджментті» меңгеріп жатыр, деп жазады «Отырар» телеарнасының тілшісі М.Бекееваның материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz».
«Коммуникативтік менеджмент» . Development Day аясында, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы осындай тақырыппен семинар-тренингті қолға алды.
Семинар-сабаққа полиция департаментінің көші-қон қызметі және жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері қатысып, білімі мен білігін жетілдірді.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, бұл тренинг полиция қызметкерлерінің қоғаммен өзара іс-қимыл кезіндегі коммуникативтік құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, оны жетілдіруге және тиімді коммуникация жүргізудегі біліктілігі мен дағдыларын дамытуды көздейді екен.
«Оқыту барысында семинар қатысушыларымен бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Олардың бірі — құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде халықпен диалог жүргізуі болып табылады. Осыған байланысты, полиция қызметкерлерінің азаматтармен өзара іс-қимыл кезінде коммуникативтік дағдыларын арттыру бойынша сауатын арттырудың маңызы зор. Сондықтан, бұл сабақтарда тәртіп сақшылары өздеріне көп пайдалы ақпарат алды дей аламыз», — дейді департамент басшылығы.