Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ: ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҮДЕРІСІ ҮЗІЛМЕЙДІ

ШЫМКЕНТ: ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҮДЕРІСІ ҮЗІЛМЕЙДІ

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов GG Group трансұлттық корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, непалдық миллиардер Бинод Чаудхаримен кездесті.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

GG Group трансұлттық корпорациясы әлемдік нарықта өзін дәлелдеген корпорация болып табылады. Аталмыш корпорация ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, сондай-ақ, ойын-сауық орталықтарын салып, қызмет көрсету саласында белді орынға ие компаниялардың бірі әрі бірегейі.

Кездесу барысында қос тарап ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесіне де тоқталды. «Шымкент қаласы географиялық және экономикалық тұрғыдан қарасақ ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде өте қолайлы жерде орналасқан. Климаты да ыңғайлы. Қаламыздаәлемдік стандартқа сай заманауи үлгідегі сауда-логистика орталығы салынып жатқанын ескерсек, келешекте GG Group корпорациясымен тығыз жұмыс істеу баршамызға тиімді. Себебі, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп экспорттау қос тарапқа да пайдалы екені сөзсіз» деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар, қала әкімі шетелдік инвесторлармен қонақ үй бизнесі жайында да сөз қозғады. Қонақ үй бизнесі әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқаратынын алға тартқан шаһар басшысы корпорация басшылығына бұл салада да қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды. Шымкенттен әлемдік стандарттарға сай қонақ үй салуға аталмыш корпорация өкілдерін шақырған қала әкімі бұл үшін Shymkent City аумағынан жер беруге дайын екендігін айтты.

Непалдық миллиардермен болған кездесуде тараптар бұған дейін өткізілген келіссөздер негізінде қалада жоспарлап отырған Happy land отбасылық ойын-сауық кешенінің іске асырылу барысын талқылады. Ерлан Қуанышұлы жергілікті билік тарапынан барлық тиісті жұмыстардың жүргізілгенін айтып, инвесторлардан жобаны бастауға шақырды.

Бұл жоба Шымкенттегі туризмнің дамуына үлкен үлес қосатынын айтқан қала әкімі басталған іс өз жалғасын табу керектігін жеткізіп, жобаны жүзеге асыру бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

 

Пікір жазу