Шымкент қаласында мектептердегі педагогтардың 88 пайызы яғни, 12 698 ұстаз жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Бұл туралы қала әкімі Е.Айтахановтың алдында есеп берген білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева мәлім етті.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте білім саласында атқарылған жұмыстарды баяндаған мекеме басшысы жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу бойынша жоспарға сәйкес ағымдағы оқу жылында мектептердің 4,9,10-сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алып жатқанын айтты.
Осы ретте қала басшысы жас ұрпаққа саналы тәрбие, салалы да сапалы білім беру тұрғысында ұстаздар қауымына жүктеліп отырған жауапкершіліктің зор екеніне тоқталды.
Айгүл Қалыбайқызының айтуынша, қаладағы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен яғни, балабақшамен қамту 95,2 пайызға жетіп отыр. Ал, қаладағы 501 балабақшаның бүгінде төртеуі күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Дәлірек айтсақ, 1986 жылы 150 орынға арналып салынған №58 «Күншуақ» балабақшасы, 1981 жылы 280 орынға арналып салынған №95 «Алтын дән», 1954 жылы ыңғайластырылып 90 орынға арналып салынған №7 «Қолқанат» балабақшасы мен 1991 жылы салынған 330 орындық №45 «Аққу» балабақшасы. Аталған ғимараттарға пайдалануға берілген күннен бері күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған.
Баланың дамып, тұлға болып қалыптасуына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызы зор екендігін айтқан қала басшысы сапалы білімге қол жеткізуді балабақшадан бастауды нықтап қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы бүгінгі таңда қалада үш ауысымда білім беретін 15 мектептің бар екенін айтып, ондай мектептердің мәселесін бюджетке қарап отырмай жеке инвесторларды тарту арқылы шешу қажет екенін және осы бағыттағы жұмысты жандандыруды айтты.
Есепті жиынды қорытындалаған Ерлан Айтаханов Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда айтқан білім беру сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру бойынша білім басқармасына бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді.