Тұрғындарға ұсынылатын медициналық қызметтің сапасы, денсаулық сақтау ұйымдарының қазіргі ахуалы және саладағы өзекті мәселелер Шымкент қаласы әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған.
Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қала аумағындағы базалық денсаулық сақтау ұйымдарына арнайы барып, олардың қазіргі ахуалын саралады, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын қадағалады.
Қала басшысы алдымен қалалық кардиологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Бұл орталық жедел миокард инфарктісі кезінде шұғыл медициналық көмекті аймақтандыру жүйесі негізінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тұрғындарына қызмет көрсететін бірегей денсаулық сактау ұйымы болып табылады.
Мұнда жылына орташа есеппен 300-ден астам науқасқа жүрек аритмиясы бойынша хирургиялық оталар жасалады. Мегаполис пен Түркістан өңірінің халық саны 3 миллион тұрғыннан асатынын ескерсек, жүрек ырғағының бұзылуына байланысты хирургиялық ота жасау қажеттілігі жылына кемі 3 мың операцияны құрайды. Аритмологиялық қызметке деген қажеттілік саны ескеріліп, биылғы наурызда мұнда аритмология бөлімі құрылған. Осындай қадамдар арқылы тұрғындарға жасалатын жүрек операцияларының саны артып, ұйым өңірдегі ірі кардиоорталық ретінде қалыптасып келеді.
Орталық бөлімшелерімен танысып, науқастардың жай-күйін білген қала басшысы, сала жетекшілеріне орталықтың профильдік бағдарына сәйкес, оны өңірдегі бірегей ұйым ретінде қалыптасуына күш біріктіруді, кәсіби шеберлігі жоғары медицина мамандарына қолдау көрсетуді, тұрғындар арасында жүрек, қан-тамыр ауруларының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуді, науқастық көрсеткіштерінің «жасаруына» жол бермеуді және медицина ұйымының функционалдылығын ұстана отырып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы, халық денсаулығын сақтау стандарттарына сәйкес болуын назарда ұстауды тапсырды.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов сондай-ақ, V Халықаралық аритмологтар мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам кардиолог-мамандар, Германия, Польша, Түркия, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген жетекші аритмологтар қатысқан конференцияда қала басшысы, Шымкент заманауи мегаполис болып қалыптасуына қадам басқандығын жеткізіп, таяу келешекте қаламыз өңірдегі ірі медициналық орталық болып қалыптасатынын атап өтті. Бұрындары тек ірі қалалардағы медициналық орталықтарда жасалатын күрделі хирургиялық операциялар соңғы жылдары Шымкентте жасалып жатқандығын айта отырып, соңғы 10 жылдың жүзінде шымкенттік кардиологтар 1500 хирургиялық операция жасағандығына айрықша тоқталды.
Қала басшысы аялдаған келесі ұйым – қалалық онкологиялық диспансер болды. Мұнда жылына 3 мыңнан астам науқас ем алады. Бұл ұйым да Шымкент және Түркістан облысы тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау ұйымының ахуалымен танысқан қала басшысы, диспансердің паллиативті бөлімшесін аралады. Мұнда қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың денсаулығын жақсарту бағытында жаңа жоба жүзеге аспақ.
Медицина саласында жеке инвесторлардың қолдауымен түркиялық «Орхун Медикал» компаниясы жаңа «ПЭТ орталықты» жабдықтау міндетін атқармақ. Жобада көзделген ПЭТ-сынамалар онкологиялық ауруды ерте сатысында анықтауға және науқасты тиімді әдіспен емдеуге мүмкіндік береді.
Қала басшысы ұсынылған жобамен тиянақты танысып, сала мамандарының пікірлерін тыңдады. Медицина саласында инновациялық технологияларды енгізу мәселесі басты міндет екендігін атап өткен қала әкімі, қалалық денсаулық сақтау басқармасына осы бағытта тиімді жұмыс жүргізуді тапсырды.