Шымкент қаласындағы мектептердің 6-10 сынып оқушылары арасында республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы ұйымдастырылуда. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Қ.Нұрғабылдың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Жиынға қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қатысты.
«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында қолға алынған байқау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында өтуде.
Байқаудың аудандық кезеңі 28-31 қазанда өтеді. Ал жүзден жүйрік шыққандар 6 қараша күні қалалық кезеңде бақ сынайды.
– Қатысушылар жырды толық жаттап, көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ әдебиет пәнінен қойылған сұрақтарға жауап береді. Қалалық кезеңде 4 ауданнан 3 оқушыдан іріктеліп, 12 қатысушы бақ сынайды, — деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Кенжебай Нұрдәулет.
Биыл жоба республикалық ауқымда өтуде. Жеңімпаздар ақтық сында 1 миллион теңге жүлдеге ие болады. 2-орынға – 600 мың, ал 3-орынға 300 мың теңге беріледі.
Байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық,қайсарлық қасиеттерге баулу.