Шымкент: 1424 call-орталығына сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша 50 қоңырау түскен, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Жаппардың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Үшінші мегаполистегі білім беру мекемелерінде ата-аналар тарапынан ақша жинау әрекетімен күрес қызу жүруде. Ал қамқоршылық кеңесінің төрағалары мен мүшелері екі жылдан бері функционалдық қызметтерін атқармай келеді. Аталған мәселелемен күрес жүргізіп келе жатқан сала мамандарының басын қосқан алқалы жиында қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ж.Тәжиева осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, қамқоршылық кеңесін бекітудің өзінде заң бұзушылық фактілері анықталған.
Жиында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев қалада білім саласында жемқорлық көріністері, көбіне, жұмысқа қабылдау барысында кездесетінін айтты. Жуырда 1424 call-орталығына арыз түсіп, нәтижесінде, №49 мектептің бұрынғы директоры ұсталған.
Осындай фактілердің алдын алу мақсатында «Шымкент-адалдық алаңы» жобасы аясында «Мектептерде ақша жинауға жол жоқ» («Нет поборам в школах») акциясын қолға алынды. Қос департамент басшылығы аталған акцияға мектеп ұжымдары мен ата-аналарды белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу барысында мектеп қажеттіліктеріне мемлекеттен қаржы қарастырылғаны айтылып, мектеп қабырғасында қаржы жинауға қатаң тыйым салынғаны ескертілді. Егер сыбайлас жемқорлыққа қатысты факті анықталатын болса, жауапты тұлғаға қатысты қылмыстық жауапкершілікке дейінгі қатаң шара қолданылатыны хабарланды.