Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасына айналмақ. «Бізде кідіруге уақыт жоқ» деген Үкімет басшысының тапсырмасымен Цитадельді музейлендіру жұмыстарын Шымкент қаласының әкімі бірінші кезекке қойды.
Ерлан Қуанышұлының төрағалығымен «Шымкент қалашығы» жобасы аясында ғылыми — әдістемелік кеңес өтті. Әуелі Мәскеу қалалық халықаралық сәулет академиясының профессоры, ҚР монументалды ескерткіш жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, жоба авторы Сәдуақас Агитаев Шымкент қалашығын қалпына келтіру жұмыстарының барысын баяндады. Содан кейін қала әкімі мен ғалымдар
Шымкент қаласының тарихи — мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөнінде кеңесті.
Кеңесте Қазақ ССР еңбек сіңірген архитекторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент — мүшесі Баян Тұяқбаева, ондаған жылдар бойы Ескі шаһарда археологиялық қазба жұмыстарымен айналысып жүрген академик Бауыржан Байтанаев, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, ҚР сәулетшілер одағының вице — президенті Бақытжан Әшірбаев, «Қазқайтажаңарту» РМК ЮНЕСКО обьектілерімен жұмыс жөніндегі бас маманы Ләззат Бейсенбаева және Қазақстанға еңбегі сіңген басқа да сәулетшілер, тарихшылар, археолог-ғалым, реставраторлар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
А.Молдиярқызы