Шымкентте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» арасында спорттан желілік спартакиада басталды. Үш күнге созылатын жарысқа республиканың 6 қаласынан командалар қатысуда. 9-10 сынып оқушыларынан құралған ұлдар және қыздар тобы жүлделі Президент кубогын сарапқа салады.
Бұл туралы «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі М.Жорабайдың материалына қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Спартакиаданың бағдарламасына спорттың төрт түрі енгізілген. Волейбол, баскетбол, шағын-футбол, үстел теннисі. Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Алматы қалаларынан келген 80-ге жуық оқушы Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бас қосты.
Мұндай кездесулер дербес білім беру ұйымының оқушыларына ой еңбегінен бөлек физикалық дамуын арттыруға, одан бөлек жастарды ұжымдық рух пен бірлікте болуға тәрбиелейді. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға мол септігін тигезеді. Дәстүрлі сайыс осымен екінші рет өтуде.
Ашылу салтанатынан кейін тартысты ойынға Алматы мен Қызылорда командалары бірінші болып шықты. Жеңіске жетуге бар күштерін салып, әдемі ойын үлгісін көрсеткен жасөспірімдердің шеберлік деңгейі жоғары. Жүлделі орын иегерлері 23 ші қазан күні марапатталатын болады.