Үшінші мегаполисте «Жоғары білім берудегі интернациолизация және инновация» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Жаппардың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Б.Парманов шаһар басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов мерейтой иелерін құттықтап, құрмет көрсетті.
Халықаралық жиында Ауғанстан Ислам Республикасының консулы, Түркия, Австрия, Украина, Ресей, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындарының профессорлары, Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары пікір алмасып, маман даярлаудағы озық әдістерімен бөліспек.
Қазақстан халқы Ассамблеясында өтіп жатқан жиын академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің құрылғанына 20 жыл толуы мен ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, х.ғ.к., профессор, аталмыш университеттің негізін қалаушылардың бірі, Қуатбекова Карамат Пердешқызының 75 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Конференцияға 150-ге жуық алыс-жақын шетелден арнайы шақырылған қонақтар алдымен студенттердің ғылыми жетістіктерін көрсететін арнайы көрмені аралады. Көрмеде университеттің 20 жылдағы студенттерінің ғылыми тәжірибелік жобалары мен жетістіктері, кітаптар көрмесі және профессор оқытушылардың ғылыми жобалары көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шара барысында университет басшылығы білім саласында еңбек етіп жүрген бірқатар профессор оқытушыларды, әр университеттің профессорларын Әбдімұса Қуатбеков атындағы төсбелгімен марапаттады.