Бүгін Шымкент қаласына Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев келіп, Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы филиал басшыларымен, Одақ мүшелерімен кездесті.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Молдиярқызының материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
– Журналистикада мемлекеттік қызмет немесе жекеменшік деген түсінік болмайды. Біз елдікті ту еткен саланың адамы болғандықтан, кейде түрлі қиын жағдайды да бастан кешеміз. Дегенмен, сол сын сағатта бізді осы мамандыққа деген адалдығымыз құтқарады. Өмірдегі ең қымбаты дүние-мүлік, байлық, қызмет емес, адамның ары мен абыройы екен, — деді Сейітқазы Бейсенғазыұлы.
Журналистер Одағы төрағасының сөзін Шымкент қаласының ардагер журналисі Байдулла Қонысбек жалғады.
– Елімізді көптеген одақ бар, бірақ, соның ішіндегі қоғамда белсенділігімен көзге түсіп лайықты қызмет етіп келе жатқан Журналистер Одағы екенін мақтанышпен айтуға болады. Бір-біріңмен татулықты, сыйластықты сақтап, биікке түзу жолмен көтерілсеңдер, сол биікте сендердің құрметтерің тұр. Бір-біріңді аяқтан шалма, жөнге шақырыңдар, шындыққа жақын болыңдар, — деген ағалық ақылын айтты Б.Қонысбек.
Азат Дидарбектің фоторепортажы