ҚР Президентінің халыққа Жолдауы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі қонақтар алдымен №65 мектеп-гимназияда ұстаздармен кездесті, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Т.Қасымовтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
– Мемлекет басшысының білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір білім саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалуда. Одан бөлек, педагогтар мәртебесі туралы Заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Артық жүктемелерді азайту, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру бағыттары бар. Жалпы, мәселе көп. Ашып айтыңыздар. Біз осы мақсатта өңірлерді аралап жүрміз. Пікірлеріңізді ескереміз, — деді Бердібек Мәшбекұлы.
Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы педагогтар мәртебесі туралы Заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл — жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды көтеру, мектептердегі орынсыз тексерулерді азайту мәселелері көтерілді.