Бердібек Сапарбаев шымкенттік жастармен кездесті. Кездесу М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өтті.
Бердібек Мәшбекұлымен сұхбаттасуға қаланың жас белсенділері, ғалымдары, кәсіпкерлері және спортшылары келді.
Сондай-ақ, кездесуге Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов пен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.
Студенттер білім, спорт, жастарды қолдау жөнінде мемлекеттік саясат туралы сұрақтар қойды.
«Бәсекелестік орта, әсіресе, жастарда болу керек. Биыл жастар жылы. Одан соң еріктілер жылы болады. Сіздердің негізгі мақсаттарыңыз — білім алу. Себебі, қазіргі қоғам тек білімді талап етеді. Мемлекет тарапынан жастар үшін барлық жағдайлар жасалынған. Бүгінде билікте жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Сіздер бар күш-жігерлеріңізді еліміздің дамуына жұмсауларыңыз қажет», — деді Б.Сапарбаев.
Жалпы, шымкенттік жастармен болған сұхбат ашық, креативті және конструктивті өтті.
Жастар аталмыш кездесуден өздеріне керекті ақпараттар мен ақыл-кеңестер тыңдап қайтты. Дәлірек айтсақ, вице-премьер оларға терең білім алуды, өз кәсібін ашуды және провокацияға берілмеуді түсіндірді.