«Қызыл сызық» белгіленді, дегенмен, Шымкент қаласында осы тәртіпті ескермей құрылыс жүргізушілер азаймай тұр. Бүгін қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының жұмысы талқыланды.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Молдиярқызының материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шымкенттегі жер беру, қала құрылысы, көркі және сәулеттендіру жұмыстарының барысы.
Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Е.Ахметов жыл соңына дейін 1554 отбасы баспанаға қол жеткізетінін айтып қуантса, Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ә.Лесбековке Қоғамдық кеңес мүшелері қойған сұрақ аз болмады.
– Шымкент қаласындағы «қызыл сызық» белгіленді. Бірақ, заңсыз құрылыс жүргізу әлі тоқтаған жоқ. Бұған не себеп? Неге үлкен құрылыс алаңдары жекеменшікке сатылып кетеді де, кейін сүрілетін кезде оған бюджеттен қыруар қаржы төлеуге тура келеді? Қазір мына Цитадельдің айналасындағы, Ескі шаһардағы, Адырбеков көшесіндегі мемлекет мұқтажына қайтарылуы тиіс әр жер теліміне миллиондап қаржы төлеуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл қолдан жасалып отырған дүние болмаса, неге басқармалар осы күнге дейін қолға ала алмай жүр? — деді Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бұхарбай.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев аталған басқармада 500-600 құжаттың неге қаралмай жатқанын сұрады. Ал Шымкент қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары 1034 заңсыз салынған нысанды анықтаған.
– 1034 нысан бойынша қала әкімі аппаратының басшысы мен біздің әріптесіміз қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының үстінен Ұлттық бюроға қызмет хат жолданды. Сондай-ақ, осы іс бойынша жауапкершілікке тарту туралы Мемлекеттік қызмет агенттігіне де тиісті құжаттарды жолдадық, — деді басқарма басшысы Б.Дүйсенов.