Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ким Хынг Суды қабылдады. Кездесуге Корея Республикасының бірнеше өкілі де қатысты.
Басқосуда екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайында сөз қозғалды.
Оңтүстік Корея әлемде бірнеше сала бойынша көш бастап тұрғанын айтқан қала әкімі Шымкенттің бүгінде ерекше қарқында дамып жатқанын айтты.
«Шымкент қаласы өткен жылы республикалық қала мәртебесін алды. Миллионер қала атандық. Келер жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болғалы отырмыз. Одан бөлек, әлемдегі «екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдығын да атап өту жоспарда бар. Осынау игі шараларға Корея Республикасынан да туристер келгенін қалаймыз. Біз медицина, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Алдағы уақытта агро-индустриялды аймақ ашу күн тәртібінде тұр», — деді Е.Айтаханов.
Бас консул Шымкентке алғаш табан тіреп тұрғанын айтып, қаланың өте әсем әрі жасыл, оған қоса жоғары деңгейде дамып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, қос елдің жастары тілдерімізді меңгеру бойынша да маңызды жұмыстар атқару керегін тілге тиек етті.
Кездесу соңында Ерлан Қуанышұлы мен Ким Хынг Су Шымкент қаласы мен Корея Республикасы арасында инвестициялық форум өткізуге уағдаласты.