Бүгін, сенбі күні, әдеттегідей Шымкентте Түркістан облысымен бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда. Жәрмеңкеге жергілікті тауар өндірушілерімен қатар Түркістан облысының Созақ және Шардара аудандарының тауар өндірушілері өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды.
48-ден астам тауар өндіруші жалпы құны 110 млн теңгені құрайтын 65 тонна өнімді қала тұрғындарына ұсынып отыр.
Аталмыш өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайызға дейін арзан саудаланды.
Теріскей мен Шардарадан келген өнімдерді көруге Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып, аталған аудан әкімдіктерімен бірге аралап, танысып шықты. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы қаладағы жауапты мамандарға жәрмеңкедегі бағаның тұрақты әрі базардан арзан болуын қадағалауды қатаң тапсырды.
Түркістан облысының екі ауданы шымкенттіктерге ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын және қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Сонымен қатар, жәрмеңкеге келген тұрғындар аудандардан келген өнерпаздар ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады.