Шымкент қаласында «100 жаңа есім» жобасына үміткерлерден қтінім қабылдануда, деп хабарлайды қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Қ.Нұрғабылдың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгін Mega Planet ойын-сауық орталығында «100 жаңа есім» жобасы жайында жастарға түсіндіріліп, Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері үміткерлерді тіркеуде.
Жобаға 18 бен 39 жас аралығындағы ғылым, қоғам, мәдениет, медицина, бизнес, спорт салаларындағы өзгелерге үлгі болатын, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар қатыса алады. Қатысушылар www.100janaesim.ruh.kz сайтына кіріп, тиісті анкетаны толтыруы қажет.
Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаеваның айтуынша, бүгінге дейін қаламыздан 60-ға жуық үміткер тіркелген. Негізінде 150-ден астам адам қамтылуы тиіс.
Айта кетейік, «100 жаңа есім» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы 6 жобаның бірі. Республикалық шараға қатысу үшін ұсыныстар осы жылғы қарашаға дейін қабылданады.