Шымкентте жастардың ІТ саласына қызығушылығы артқан, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Т.Қасымовтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Үшінші мегаполисте жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Мен кәсіпкер боламын» жобасы бойынша 21 мен 29 жас аралығындағы кез келген кәсіп бастауға ниетті азаматтың 3 млн теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Жобаға қатысу үшін өтініш беру мерзімі — 8 қарашаға дейін.
Сондай-ақ, қалада жастардың IT саласына қызығушылық артып келеді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.
Спикер салада атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Қалада «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 81,8 млрд теңгелік 113 жобадан өтініш түскен. Бүгінде 6 млрд теңгеге 20 жоба екінші деңгейлі банктерде қаралуда.
– Қазір жастар кәсіпкерлігіне қолдау көп. Қазан айынан бастап гранттар алуға құжаттар қабылдау басталды. Негізінен, жастар жобалардың көбісі IT технологиясы саласында. Мәселен, голограмма ойлап тапқан жастарымыз бар. Бұл – зор жетістік, – деді Береке Талғатұлы.
Шымкентте 92 гектар көлік-логистика аймағы құрылды. Онда 33 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия елдерінен келген ет, азық-түлік өнімдері сақталып, ішкі нарыққа таратылуда.