Үшінші мегаполисте оқушылар арасында «Шеберлер қаласы: ата — бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты өлкетану сәндік қолтаңбалы шығармашылық байқауы өтуде, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Керімқұлованың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР БҒМ республикалық қосымша білім беру оқу — әдістемелік орталығы ұйымдастырған байқауға Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Шымкент қаласындағы мектептерден 11-17 жасар оқушылар қатысты.
— Шығармашылық көрмеге қойылған бұйымдарды оқушылар өздері жасаған. Осы арқылы оқушыларымызды халықтық қолданбалы шығармашылыққа және мәдени мұраға назарын аудартуға, ұлттық мәдениетке, патриоттық сезімін оятуға ынталандырамыз. Сонымен қатар, оларды белсенді шығармашылық қызметке араластырып, дәстүрімізді құрметтеу және ықыласпен қарауға тәрбиелейміз, — дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен, байқау алты номинация бойынша өтеді. Үш күнге созылатын көрме соңында жеңімпаздар анықталатын болады.