«Ел тірегі-2019» республикалық күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттік 45 жас әскерге аттанды. Медициналық және психологиялық тексеруден сүрінбей өткен сарбаздар Отан алдындағы борышын ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдерінде өтейтін болады. Жас сарбаздарды әскерге шығарып салу үшін жинақтау бекетіне Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылық құрамы, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері мен сарбаздардың ата-аналары жиналды.
— «Бүгін өмірлеріңіздегі ең маңызды күн, өйткені азаматтық парыздарыңызды өтеуге басқа аймаққа аттанасыздар. Көпшілігіңіз туған үйлеріңіз бен жақындарыңыздан алғаш рет жыраққа кетіп барасыздар. Бұл қадам сіздер үшін ғана емес, ата-ана, туыс-бауырларыңыз үшін де сынақ. Осы сыннан сүрінбей өтіп, жақсы атпен, абыроймен туған жерге оралуларыңызға тілектеспін»,-деп ізгі ниетін білдірді ҚР Қарулы Күштері ардагерлер кеңесінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша төрағасы запастағы подполковник Б.Алдабергенов.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – Тәрбие,идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстары басқармасының бастығы , подполковник Р.Мадьяровтың айтуынша, әскерге шақыртылған жастардың әрқайсысы нағыз сарбаз болуға лайықты.
— Әскердегі қызмет жастарды төзімділікке, батылдыққа, Отанды, ата-ананы құрметтеуге тәрбиелейді. Сондықтан әрбір азамат әскерге баруға ұмтылуы қажет. Бүгінгі әскерге аттанып бара жатқан жас сарбаздарға сәттілік тілеймін!,- деді Ринат Жадилұлы.
Айта кетейік, биыл елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны ерекше қарқынмен жүргізілуде. Жұмыстың нәтижелі болуына ҚР Қорғаныс Министрлігі қабылдаған «Ел тірегі-2019» акциясының ықпалы зор. Биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны барысында Шымкент қаласынан әскерге 700-ге жуық жас аттанады деп жоспарлануда. Соның ішінде 220-ға жуығы ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтейді. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.