Тамыз айында қала әкімі арнайы әлеуметтік карта құруды тапсырды. Республиканың барлық ірі қалаларында жұмыс істейтін бұл карта мегаполистің өзекті мәселелерін шешуге арналған. Қазіргі таңда, мамандар дамудың маңызды құжаттарын әзірлеуге кірісіп кетті, бұл орайда әр аудан секторларға бөлінуде.
«Қаладағы аудандардың да, шаһар аумағына қосылған 41 елдімекеннің де инфрақұрылымын дамыту аса маңызды, — деп атап өтті Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов. – Бұл істе бізге арнайы әлеуметтік карталар көмек береді. Түйткілді мәселелерді біртіндеп шешу керек. Шалғайдағы аудандардың жолдары, инженерлік инфрақұрылымы, құрылысы мен әлеуметтік нысандарды абаттандыру секілді мәселелері шешімін табуы тиіс. Осы мақсатта жекеменшік инвесторларды жұмылдыру керек.
Қала әкімі тұрғындар үшін қолайлы орта құруды биліктің басты мақсаты деп мәлімдеді. Ең алдымен қаланы қоқыстан тазартып, шалғайдағы елдімекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту басты назарда тұр.