ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын белсенді түрде қолдағандардың бірі – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов. Әкім қала активінің Мемлекет басшысының Жолдауын пысықтаған отырысында қайталама арыз-шағымдардың көптігін айтып, сырғытпа жауап беруді тоқтатуға шақырған болатын. Ағымдағы жылдың басынан жер, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында 7 азаматтан 25 қайталама арыз-шағым түскен. Яғни, мәселесі шешімін таппаған. Қала басышысы барлық орынбасарлары мен басқарма басшыларын халықты әуре-сарсаңға салмай, сырғытпа емес, толық және нақты жауабын беруге міндеттеді. Е.Айтаханов өзі бастап, әр аптадағы жұма күні тұрақты қабылдау өткізді.
Қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасау, бірігіп мәселенің шешімін іздеу тамаша нәтиже көрсетті: шағымданушылар саны екі есеге төмендеді.
Шымкент қаласының әкімдігіне 2018 жылдың тоғыз айында 34 мың арыз-шағым тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, ағымдағы жылдың 9 айында арыз-шағымдар саны 16 мыңнан аспаған. Демек Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті іске асырылуда.
Сондай-ақ, қала әкімі біраз уақыттан бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін қайта жандандыруды қолға алды. Шаһар басшысының бастамасымен әр сенбі Қажымұқан атындағы стадионда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге көкөніс пен жеміс жидекті, басқа да азық-түлікті Түркістан облысының дихандары мен кәсіпкерлері алып келеді. Ал нарықтағы бағадан жеңілдетілген жәрмеңке саудасын Е.Айтаханов әр сенбі өзі қадағалайды.