Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының жұрты енді сапалы ем іздеп Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып сабылмайтын болды. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұдан былай диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгіне алады.
Жаңа тексеру орталығының жұмысын іске асыру үшін қала әкімі Ерлан Айтаханов түрік компаниясымен келіссөз жүргізіп, екі жақты меморандумға қол қойды. Меморандум аясында түрік инвесторлары қалалық онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды-эмиссионды томография және циклотрон қондырғысын орнатады. Жалпы жоба құны 2,7 млрд теңгені құрайды. Бұл құрал жабдықты орнату арқылы жылына орташа есеппен 10 мың адамнан онкологиялық аурулардың таралуын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім көрсеткішін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін болады. «ПЭТ» құрал жабдығы – қатерлі дерт анықталған жағдайда асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді. ПЭТ бір күнде 30-ға дейін адамды қабылдай алады. Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығында науқастардың 100 пайызы зерттеудің бұл түрін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде тегін өтеді.