Облыстық опера және балет театрында «Абай» операсы сахналанды. Ауқымы кең спектакль ақынның 175 жылдық мерейтойына арналды. Шығармада ұлы ойшылдың өмір сүрген заманы мен ондағы қоғамдық бейнесі көрініс табады. Театр әртістері осылайша өнер сүйер қауымға керемет туынды ұсынды, деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі Н.Мұхамеджанұлының материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Ұлы ақын Абайдың философиясы, оның поэзиясы, бастысы, ой-елегі мен бүгінгі қоғамды болжауы – мұның барлығын да көрермен сахнадан көре алды. Ақынның жүрек түбіндегі сырын ән арқылы тыңдады. Қойылым 4 акт пен 5 көріністен тұрады. Абайды сомдау ҚР Мәдениет қайраткері Марат Оразметовке жүктелген. Шығармада жақсылық пен зұлымдық, алдыңғы қатарлы озық ой мен кертартпа күш көрініс табады.
Мәдіхан Дүйсеев — Облыстық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі: — Қойылым өте ауқымды, үлкен қойылымдардың бірі. Кішкентай театр болғынымызбен біздің тәжірибеміз бар.
«Абай» операсы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің шығармасы. Халық жанашырының іс әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөзінің өткірлігін, тілінің шеберлігін, азамат ретіндегі беделін операның авторлары ерекше шеберлікпен терең және жан жақты көрсетіп берген. Оны театр әртестері негізгі қалпын сақтап, асқан шеберлікпен көрермен қауымға жеткізу үшін дайындыққа баса мән берген.
Әлімжан Маменов — Облыстық опера және балет театры директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары: — Бүгінгі кештің маңызы, құндылығы жастарымыздың осы қазақ әдебиетіне, мәдениетіне сүйіспеншілін арттыруды мақсат еттік.
Осылайша ұйымшыл ұжымның сахналаған қойылымы келген көрерменнің көңілінен шықты. Әртістердің шеберлігі, жанды музыканың ырғағы сол көрерменді өзіне еріксіз баурап алды.