Түркістан облысының тұрғыны жоғалған әмиянын тауып берген Шымкенттік полицейлерге алғысын білдірді.
Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жуырда Шымкент қалалық полиция департаментінің Абай ауданының полиция басқармасына Түркістан облысының 52 жасар тұрғыны сол күні сағат 12:00-де «Жібек Жолы» базарынан «Бекжан» базарына барып, кіре берісінде шамамен 50 мың теңге ақша, жеке басын куәландыратын құжаттар мен банк карталары бар әмиянын жоғалтып алғанын айтып арызданған.
Шымкент қалалық полиция департаменті Абай ауданы полиция басқармасының қызметкерлері хабарламаға жедел ден қойып, жоғалған әмиянды тауып, иесіне қайтарды. Ол әмиянын «Жібек Жолы» базарындағы бутиктердің бірінде қалдырған екен.
Өз кезегінде азаматша полиция қызметкерлеріне адал қызметтері үшін алғысын білдірді.
Қызметіне адалдық танытып, тұрғындардың разылығына бөленіп жатқан полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Елі үшін аянбай қызмет ететін сақшыларымыз аман болсын!