Үшінші мегаполистегі Қазақстан халқы Ассамблеясында түрік этносының Қазақстанда тұрып жатқанына 75 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Н.Бектаевтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Салтанатты іс-шарада сөз алған Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы Ахыска түріктерінің сталиндік саясаттың салдарынан Қазақстанға күштеп жер аударылып, зардап шеккеніне тоқталып, қиын-қыстау заманда құшағын аша қарсы алып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқына ризашылығын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов түрік этно-мәдени бірлестігінің өкілдерін мерекемен құттықтап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда ең алғаш Түркия құттықтағанын еске алды.
Салтанатты жиында ел ағалары мен ардагерлерге естелік кәдесыйлар, қаладағы қоғамдық іс-шараларға үлес қосқан этно-мәдени бірлестіктің белсенді мүшелеріне Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мерекелік жиында көпшілікке түрік халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары кеңінен таныстырылып, жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарлама ұсынылды.